http://zhualy.zhambyl.kz

Kaz     Rus   
Негізгі бетке  Кері байланыс  Сайт картасы  
Сайттың бөлімдері
Оқиғалар күнтізбесі

ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
Сайттың беттері

Мемлекеттік рәміздер

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі

Банерлер

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласы

 

 

 

 Акционерлік қоғамы "ҚазКонтент"

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Официальный сайт акимата Жуалынского района Жамбылской области с. Б. Момышулы, ул. Жамбыла 12. Телефон доверия аппарата акима Жуалынского района: +7(72635)2-15-00

Аудан тарихы

 Жуалы ауданы

 

 

Жерұйық мекен   -   Жуалы

 

        

         Жуалы. Осынау кенен өлке, дархан өңір туралы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес. Табиғаты сұлу, ауасы сап алтын, қойнауы тарихқа тұнған құт мекеннің әр шоқысы мен қырқасы, сай- саласы шежіреге толы сыр шертеді. 

         Түстігінде Талас Алатауы мен қарт Қаратау  жоталарынан басталып, Боралдай , Құлан, Қошқарата, Бурыл тауларына , теріскейінде Билікөл  су айдынына дейін көсіліп, созылып жатқан алқап  бағзы  замандардан бері Мыңбулақ, Жуалы деп аталған. Халқының жарқын болашағын, кемел  келешегін аңсап, желмаямен жортып елі үшін жерұйық мекен іздеген Асан қайғы бабамыз Жуалы өңіріне тоқтап тұрып: «Шөбің - шүйгін, суың - бал, топырағың - май екен, қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсанған екен. Одан сәл кейіндеу Шәшке (Тәшке) сапар шеккен әйгілі Қытай саяхатшы Сюань-Цзянь да Мыңбулақ -  Жуалыда аз-кем  аялдап, көрген- білгенін былайша тебірене қағазға түсіріпті: «Мыңбұлақтың түстік тұсын қар басқан биік  мұзды таулар қоршаған. Суы мол, орман- тоғайы тұнып тұр. Көктемнің соңғы айларында жайқалып өскен түрлі-түсті гүлдер шебердің қолынан  шыққан әсем кілемдей жайнап, көздің жауын алады. Мұндағы  сай-сала мөлдір бұлақтардан  аяқ алып жүргісіз. Сондықтан да  «Мыңбұлақ» атанған».

         Жылға қуалай, сыңғырлап аққан мың-сан бұлаққа қаншалықты бай болса, алуан түрлі өсімдікке соншама кене өлкеміз небір қилы кезеңді бастан кешірді  десеңізші.

         Біздің жыл санауымыздан  бұрын орта ғасырларға дейін күре жол болып келген Жібек жолының бойымен бұл арадан түрлі мемлекеттердің сауда керуендері дамылсыз ағылған. Түрік қағаны өзінің жазғы ордасын тап осы Мыңбұлақта тіктірген. Моңғол, қалмақ-жоңғар шапқыншылықтары да әрі-бері жөңкіліп, ойқастаған.Шыңғыс ханның қалың қолы Отырарды шабардың алдында осында тынығып, күш жинаған. Даңқты қолбасшы, жерлесіміз Рысбек батыр осы арадан қол жинап, қазіргі Қошқарата ауылының маңында орын тепкен жоңғар қоңтайшысының ордасына тұтқиылдан тап беріп, оны ойсырата жеңген.

         Бай өлке қашан да жатжерліктердің көз құрты емес пе?. Ресеймен қосылғаннан бергі арада мұнда орыстың қаншама зерттеу экспедициялары табанынан тозып, сай-саланы тынбай сүзіп, қазба байлықтарын, өсімдік әлемін тегістей қағаз бетіне түсірген. Ресейдің ішкі аудандарынан іле-шала ағылған орыс мұжықтары өлкенің шұрайлы жерлерін ойып алып, қалауынша қоныстанып, тұс-түстан Алексеевка, Петровка, Зыковка, Евгеньевка тағы сол сияқты толып жатқан орыс поселкелерін тұрғызғаны белгілі.

         Әлемді дүрліктірген большевиктердің қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес дәуіріндегі берекелі өңірдің шежіресіне құлақ түрсек, оқиғалар легі былайша тізбектеледі екен:

         Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының негізгі әкімшілік-аумақтық құрылымы 1919 жылғы 10 шілдеде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі бекіткен «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы Ережеге» сәйкес белгіленді.

         1920 жылғы 26 тамызда В.И.Ленин мен М.М.Калинин қол қойған Бүкілодақтық Орталық атқару комитеті мен РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің «Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» Декреті жарияланды.

         Құрамына Жуалы аумағы енген Сырдария губерниясы 1921 жылғы 1 қазанда Түркістан Республикасының құрамына берілді.

         1924 жылғы 11 қазанда РКП (б) Орталық комитетінің қаулысымен Орта Азия Кеңестік республикаларын бөлу туралы қаулысы шығып, ол КСРО ОАК 1924 жылғы 27 қазандағы ІІ сессиясында бекітілді. Енді 22 болыстықтан тұратын Әулиеата уезі Сырдария губерниясының қарамағында Қазақ Республикасына өтеді. Жуалы жері Әулиеата уезінің құрамындағы Бурно-Ивановск болысы болып аталатын. Болыстықтың орталығы Бурно-Ивановск (қазіргі Бурно-Октябрь) ауылы болатын еді.

         Сырдария атқару комитетінің 1924 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен Бурно-Ивановск болыстығы Бурно-Октябрь болыстығына, ал Бурно-Ивановское селосы Бурно-Октябрь селосына өзгертілді.

         1927 жылдың 17 қаңтарында Әулиеата уезі таратылып, оның қарамағындағы болыстықтар Сырдария округінің аудандары болып қайта құрылады. Бурно-Октябрь және Жуалы болыстықтарынан Жуалы ауданы жасақталады.

         Ауданның ресми құрылуы 1928 жылдың 3 қыркүйегінен бастау алады. Бүкілодақтық ОАК шешімімен аудан құрамына осы күнгі Көлбастау, Бурно-Октябрь, Қарасаз, Шақпақ, Күреңбел, Боралдай, Қошқарата, т.б. болыстықтар аумақтары енгізіледі.

         1930 жылғы 23 шілдедегі Бүкілодақтық ОАК қаулысына сәйкес Шымкент облысы Ақсу ауданының аумағы Жуалы және Шымкент аудандарына бөлініп беріледі.

         1932 жылғы 20 ақпанда Қазақстанның аудандары жаңа құрылған 6 облыстың құрамына енгізіледі. Түлкібасымен біріккен Жуалы ауданы (орталығы Ванновка селосы) Шымкент облысына қаратылады. Тек 1936 жылы аудан осы күнгі жер көлемімен өз алдына дербес аумақ болып отау тігеді. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығымен 1951 жылдан бері ауданымыз Жамбыл облысының құрамында болып келеді.

         Ия, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», Асан қайғы бабамыз жырлаған, қытай саяхатшысы сұқтанған, орыс зерттеушілері тамсанған Жуалы-Мыңбұлақ аймағы бүгін де мың-сан бұлағы, сыңсыған орман-тоғайы, еркелеген еліктері қалмаса да, өзінің сұлу қалпын сақтап келеді. Жуалы, қашан да, Жуалы, жер жәннаты, құтты мекен.

         Осындай тарихы тереңге тартқан қастерлі де қасиетті өлкенің халқы да ежелден қайсар да еңбекқор болған. «Көппен көрген ұлы той» деп шапқыншылық заманды да, ашаршылық нәубетті де, жаппай жазалау-репрессияны да бастан өткерген.

         1941 жылғы Ұлы Отан соғысы  да ел жүрегіне өшпес жара салып кеткені аян. Бірақ Жуалы халқы жасымады, қайтадан қайратына мініп, жаппай ел қорғауға аттанды.

         Сұрапыл соғысқа үш мыңнан астам адам аттанса, соның тең жартысы ұрыс даласында мерт болды.. Көптеген жуалылық жауынгер ұрыста көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттің ең жоғары наградаларына ие болды. Майданға Жуалыдан аттанған Бауыржан  Момышұлы, Вишневецкий Владимир Михайлович, Кавешников Дмитрий Степанович, Пахомов Дмитрий Федорович, Совет Одағының Батыры атанса, Тайыр Тастандиев Данқ орденінің толық иегері атанды. Тағы екі жуалылық жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысты. Соғыс соқпағы Жуалының төл перзенті гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының атын асқақтатып, Халық Батыры дәрежесіне көтерді.

         Соғыстан кейінгі жылдар  халықтың жасампаз  еңбегінің шежіресі  боларлық. Ауданнан Медет  Таржанов,  Әбден  Рысбеков, Мүсірепбек Бектаев, Антонина Павловна Манченко сынды  Социалистік Еңбек Ерлері  шықты. Қаншама еңбек адамы мемлекеттің  басқа да жоғары наградаларымен  марапатталды.  Олардың біразы бүгінде де сапта. Ленин  және  Еңбек  Қызыл  Ту  ордендерінің иегерлері Затыбек  Елшібаев,  Жандаркүл  Сүлейменқұлова,  Аяпберген Мұратов, Валентина Ивановна Беспалова, Есенаман  Шыршықбаев, Тұрғыналы Жүзбаев сынды аға ұрпақ  өкілдері  ауданның  абыройын  асқақтатты.

         Жуалының  «генералдар өлкесі» атануы да тегін емес. Шағын ғана ауданнан есімі елге танылған Тәттібай Дүйсебайұлы, Тілебалды  Ыбыраев, Бахытжан Ертаев, Есен Демесінұлы, Сейітжан Қойбақов, Диханбек Сатылғанов сияқты генералдардың шығуы елге  абырой.

          Жуалы -  ежелден басты саласы ауыл шаруашылығы саналатын өңір. Бүгінде де солай. Алайда өтпелі кезең саналған 90  жылдардың басында бұл саланың қандай күйзеліске ұшырағаны, қаншама қиындықты бастан кешкені белгілі. Ірі колхоздар мен совхоздар  нарық талабына икемсіздігін танытып, бірінен соң бірі тарап  жатты, учаскелерге, бөлімшелерге бөлініп кетті. Жағдайды бұл құрылымдар да сауықтыра алмай, олар әрі қарай бөлшектеніп кетті. Ауыл шаруашылығында  реформа басталды. Бірнеше жылға созылған реформа басқа салаларға қарағанда көптеген қиындықтармен аса ауыр жүрді. Нәтижесінде ауданда екі мыңға тарта шаруа қожалығы, бірнеше өндірістік кооператив пен серіктестік құралып, жұмыс бір арнаға түсті.

         Бүгінде бұл сала тоқыраудан шығып, бірте – бірте өндіріс көлемін арттырып келеді. Республикада үш жыл «Ауыл жылы» деп жарияланып, мемлекет пен үкімет тарапынан ауылға ауқымды көмек қолдау көрсеткені даусыз. Нәтижесінде, мысалы, 1996 жылы сала бойынша 1,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ол 2005 жылы 4,4 млрд теңгені құрап, 2,3 есеге өсті. Егіншілік мәдениеті көтеріліп, дәнді-дақыл өндірудің жылдық орташа көлемі 59,0 мың тоннаға жетті. Қазіргі кезде ауданда 6 мың гектарына майлы дақылдар, 27,3 мың гектарға көпжылдық шөп егілген.

         Ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникамен жарақтануы жылдан–жылға жақсарып келеді. 2005-2006 жылдар аралығында шаруашылықтар 41 дана техника алды. Оның 19-ы сатып алынса, қалғаны лизингтік жолмен алынды.

         Мал шаруашылығы да ілгерілеу жолына түскен. Ауданда жеті шаруашылық асыл тұқымды мал фермасы мәртебесін алды. Барлық ауылдық округтерде ірі қараны қолдан ұрықтандыру пункттерінің ашылуы осының айқын дәлелі.

         Мал басы да үздіксіз өсуде. 1996 жылға қарағанда ірі қара 5,0 есеге, қой ешкі – 3,2,  жылқы -3,6, шошқа -3,3,  құс -3,0 есеге өсті.

         Нарықтық экономиканың талабына сай шығын және орта кәсіпкерлік кең дамуда. Ауданда бұл саланың  жетекешісі болып саналатын «Бурный ірімшік зауыты» акционерлік қоғамы өнім өндіру көлемін жылдан – жылға арттыра түсуде. Кәсіпорын 2006 жылдың алғашқы бес айында 110, 0 млн теңгенің өнімін шығарып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көрсеткішін 101,9 пайызға атқарды.

         Бүгінде зауытта өндірісті  қайта жарақтандыру қауырт жүруде. Осы мақсатқа 200 млн. теңге қарастырылып, жұмыс атқарылуда. Кәсіпорын үстіміздегі жылы төртінші тоқсанда ИСО халықаралық стандартына өтпек.

         Ал жалпы ауданда бүгінгі таңда 2782 жеке кәсіпкерлік субьектілері жұмыс істеуде. Оның 74-і шағын кәсіпорындар, 689-ы жеке кәсіпкерлер, 2019-ы шаруа қожалықтары. Бұлар 2006 жылғы қаңтар маусым айларында 285315 мың теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетіп, бюджетке 27571 мың теңге салық төледі. Бұл 2005 жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемінің 106,8 пайызын, салық төлемінің 110,5 пайызын құрайды.   Ауданға инвестиция тарту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Құны төрт миллион евро болатын кірпіш зауытының бизнес жоспары дайындалып отыр. Мұны  Италияның іскер топтарымен бірлескен кәсіпорын жүзеге асырмақ.

         Туризм саласы бойынша «Бәйтерек саяхат орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, ауданда туропереаторлық қызметке, сонымен қатар, отандық және халықаралық туризмді дамытуға қол жеткізуде. Бүгінге Алатау бөктерінде 60 гектар жер бөлініп, қонақ үй, демалыс орталығын салу үшін 300 мың АҚШ долларына бизнес жоспар дайындалды. Тоқыма өнеркәсібі саласында Италияның іскер топтарымен бірлескен кәсіпорын ашу көзделуде. Жеке кәсіпкер  Ғ.Абубакировтың кілем және тоқыма бұйымдар шығару жөніндегі екі бизнес- жоспары дайын.

         Білім беру саласында өркенді өзгерістер орын алуда. Егер 1996 жылы ауданда 39 мектеп болса, бүгінде ол 47-ге жетіп отыр. Олардын 10- ы бастауыш, 7-сі негіз, 30-ы орта мектептер. Бұлардан басқа 6 балабақша , бір өнер мектебі, бір сырттай оқытатан мектеп жұмыс істейді. 47 мектепте барлығы 345 компьютер бар, оның 121-і биылғы оқу жылында пайдалануға берілді. Егер облыста 41 балаға бір компьютерден келсе, ауданда 29 оқушыға бір компьютерден айналып отыр.

         Бүгінгі күні 39 мектепке телефон жүйесі жүргізіліп барлық мектептің 82 пайызы интернетке қосылған.

         Ауданда мектеп құрылысы қарқынды жүруде. 2005 жылы ғана бес бірдей мектеп салынып, іске қосылды. Қазірде Шыңбұлақ ауылында 180 орындық мектеп құрылысы аяқталып келеді. Сондай-ақ Дүйсебайұлы ауылында 180 орындық, Зыковка ауылында 120 орындық мектептердің техника- экономикалық негіздемесі жасалып қойды.

         2000 жылдан бері істейтін балалар мен жасөспірімдер мектебінің де табыстары ерен. Өткен оқу жылында мектептегі 39 топта 472 оқушы тәрбиеленді. Спорттың олимпиадалық емес түрлері шахмат және қазақша күрес бағдарламасы негізінде 74 оқушы, ал олимпиадалық түрлері саналатын бокстан-131, самбодан-38, еркін күрестен-58, дзюдодан-36, таэквандодан-108 бала дәріс алды. Оларды бес спорт шебері, бес спорт шеберлігіне кандидат, бір бірінші разрядты, барлығы 11 жаттықтырушы жаттықтырды.  2003-2004 жылдары мектеп оқушылары арасынан бір спорт шебері, 16 спорт шеберлігіне кандидат, 35 бірінші разрядты спортшы шықты.

         2003 жылы жастар арасынан Ельдар Абдрагимов бокстан әлем чемпионы  болды. 2004 жылы Нуридденұлы Аскар дзюдодан Республика чемпионы атанса, Жадыраев Жандос жүлделі орынды иеленді.

         Спорт мектебінің материалдық базасын жақсартуға тұрақты көңіл бөлінуде. 500 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді, спорттық жабдықтар алуға 6,3 млн теңге бөлінді. 2005 жылы спорт мектебіне 9,0 млн теңге қаржы бөлінді.

         Денсаулық сақтау саласы үлкен де күрделі реформаны бастан өткізді. Орталық аурухана құрамынан емхана, барлық ауылдық дәрігерлік амбулаториялар бөлініп шығып, өз есепшотымен жеке мемлекеттік мекеме болып құрылды. Қаржыландыру механизмі де түгелдей өзгерді.      Бағдарлама мен жоспарға сәйкес 2005 жылдан бастап ауылдық емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға, медициналық қызметкермен қамтамасыз етуге, құрал-саймандармен  жабдықтауға қомақты қаржылар бөлініп, жылдар бойы шешілмей келген күрделі мәселелерді шешудің реті келді. Барлық ауылдық амбулаторияларға штаттық бірлік беріліп, 0,25-0,5 ставкада отырған фельдшерлер мен медбикелер толық ставкаға көшірілді. Оларда дәріханалар ашылды.

         Аудан бойынша 46 мектептің  42-де медпункті ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етілді.

          2005 жылы емдеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге 17,5 млн. теңге бөлінсе, 2006 жылы ол 32,0 млн. теңге болды. 2004 жылдан бастап орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталып, ол бүгінге 80 пайызға атқарылды.

         2005 жылы ауылдық емдеу мекемелеріне 7,5 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдық алынбақ. Орталық ауруханаға 2004-2005 жылдары барлығы 19,0 млн. теңгенің құрал-жабдығы алынды. Сондай-ақ соңғы үш жылда аудандық емдеу мекемелеріне барлығы 9 санитарлық автокөлік берілді.

         Емдеу мекемелерін қаржыландыру көлемі күрт көтерілді. Орталық аурухана бюджеті 2000 жылдардағы 28,0-34,0 млн. теңгеден 2005-2006 жылдары 130,0 млн.. теңгеге дейін өсіп, ауруханадағы бір аурудың бір күндік дәрісіне жұмсалатын қаржы 20 теңгеден 480-520 теңгеге дейін, ал тамаққа 16 теңгеден 130 теңгеге дейін өсті.

         Орталық емхананың бюджеті 22,0 млн-нан 80 млн-ға дейін, туберкулез ауруханасының қаржысы 8,0 млн-нан 22,0 млн-ға дейін өсті.   Мәдениет саласында  өркенді өзгерістер орын алды. Аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйі күрделі жөнделуден соң іске қосылды. Ауылдардағы жекешеленіп кеткен клубтар мен мәдениет үйлері қайтара сатып алынып, жөнделіп өз мақсатында пайдалана бастады.

         Ал Бақалы ауылындағы мәдениет үйі демеушілердің күшімен жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға қызмет көрсете бастады..

         Аудан орталығындағы орталық алаң шын мәнінде мәдени көпшілік жұмыстардың орталығына айналды. Алаңда биік те төбесі жабық сахна орнатылды, үй кинотеатры қойылды, жанынан «Қымызхана» ашылып, алтыбақан жабдықталды.. Ауданда биылдың өзінде «Музарт», Нұрлан мен Мұрат , Жеңіс Сейдолла, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Гүлнұл Өмірбаева, «Отырар сазы», Нұрғали Нүсіпжанов сияқты өнер жұлдыздары болып, концерт қойып қайтты. Өнер эстафетасын жаз бойына ауылдық округтердің өнепаздары жалғастырмақ.

         Екі балалар кітапханасы  мен 39 ауылдық кітапхананы біріктіретін кітапханалар жүйесі дами түсуде. 1997 жылы жабылған 25 ауылдық кітапхана дерліктей қайта ашылды. Оған қоса Дүйсебай және Жанаталап ауылдарында кітапхана жаңадан ашылды.

         Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасына сай қыруар жұмыстар атқарылды. Өткен жылы Ақтөбе ауылдық округінде, биыл Ақсай ауылдық округінде 20 гектардан арнайы жер бөлініп, тал дарақ, жеміс ағаштары отырғызылды. Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын, биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауын насихаттау барысында   ілмелер, транспорттар, стендтер жабдықталуда.

         Халықты Жолдаумен таныстыруға байланысты үгіт-насихат жұмыстарына аудандағы 5 саяси партиялар, 5ұлттық-мәдени орталықтар,

4 жастар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатыстырылып, жұртшылық арасында көптеген танымдық іс шаралар өткізілді.

         Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың соңғы Жолдауын халыққа танытуда ауданда сыртқы көрнекті үгіт құралдары жасалып, безердірілді.

         Жуалы  тарихи-мәдени  ескерткіштерге  бай  өлке.

Бүгінде  аудан  аумағында  100-ден  астам  қорған  есепке  алынған.  Сондай-ақ  15  обалар  қорымы,  төрт  бекеніс,  төрт  кизет  мұнарасы,  үш  белгісіз  елді  мекен  орны,  жартас  бетіндегі  суреттер,  тас  шеңберлер  табылған.

           Тарихи-мәдени ескерткіштерден Бауыржан Момышұлының  мұражайы  мен  ескерткішін,  Рысбек  батыр  ескеткішін  атауға  болады.  Сондай  Ұлы  Отан соғысы  құрбандарына  арналған  15  ескерткіш, монумент,  обелискілер  бар.

           Таулы, жасыл желекті Жуалы ауылдары көріктендіріліп, көгеріштеніп көркейе түсуде.


 

 

 


 

Счетчик
Все вопросы, предложения и замечания Администратору проекта.
При использовании материалов сайта обратная ссылка обязательна.
© 2011 Акимат Жуалынского района
Разработано: Агентство '5-й Элемент'